вторник, 10 декабря 2019 г.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ


1. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ ТУРАЛЫ

Мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі жетілдіру мақсатында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 13 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) болып қайта құрылды.
Ұлттық бюро Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрамындағы ведомство болса, Жарлыққа сәйкес Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ерекше кешенді құзыреттер бөлінген тәуелсіз құқық қорғау органы болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған.


2. АГЕНТТІКТІҢ ПАЙЫМЫ, МИССИЯСЫ МЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Агенттіктің миссиясы алқалы түрде тұжырымдалды.
Оны іске асыру тәсілдерді, ойлауды және іс-әрекеттің барлық үйреншікті алгоритмін өзгертуді көздейді.
Агентіктің барлық бастамалары нақты құндылықтар арқылы жүзеге асырылатын болады.





Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірегей коммуникациялық фирмалық стилі жасалды.
Төменде Агенттіктің эмблемасы (елтаңба) және коммуникациялық логотипі ұсынылған.



Эмблемада біздің коммуникациялық логотипіміз бен қалқанның ішіндегі ұлттық туымыздағы бүркіт үйлестірілген, ал төменгі жағында Агенттіктің құндылықтары – әділдік, парасаттылық, сенім белгіленген. Яғни, елтаңба біздің осы құндылықтарды ұстанатындығымызды көрсетеді.
Біз осы құндылықтарға сүйене отырып, фирмалық түстерді айқындадық:
- Аспан түстес – әділдікті, кемелдікке, жаңаруға ұмтылуды, теңгерімділікті бейнелейді.
- Ақ түс – парасаттылық, адалдық, сатылмаушылық, тазалықпен үндеседі.
- Көк түс – сенімділік, қауіпсіздік және тұрақтылық. 

3. АГЕНТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

Агенттіктің құрылымы баяндалған құндылықтарды ескере отырып құрылды, бұл ретте шетелдік біршама табысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың үлгісі негізге алынды.
Алдын алуды, ағартуды және қылмыстық-құқықтық сипаттағы шараларды ұтымды үйлестіру ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шешуші өзгеріске қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Агенттіктің жаңа құрылымы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдығын көрсетеді. Сондықтан аталған бағытты күшейту үшін, қоғамның қазіргі жағдайы мен қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа үш департамент құрылды.


ПРЕВЕНЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізумен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаумен және оларды кезекті жоюмен айналысады, әкімшілік кедергілер мен бюрократиялық рәсімдерді қысқарту бойынша кешенді жұмыс жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг сақ болуға және біздің азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін «ауытқу нүктелерін» анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл үшін БАҚ-тағы, интернет-кеңістіктердегі, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға жүйелі бақылау жүзеге асырылады. Халықтың алаңдаушылығын туғызатын мәселелерге біздің тарапымыздан дереу ден қойылады.
Қазіргі уақытта осындай мониторинг өткізу жөніндегі тәсілдер жетілдірілді. Агенттік Төрағасының бұйрығымен оның циклдік және тақырыптық екі формасы айқындалды.
Бірінші форма қоғам өмірінде үнемі қайталанып отыратын циклдік оқиғалар мониторингіне бағдарланған, мысалы, ауыл шаруашылығы жұмыстарына жыл сайын субсидиялар бөлу, ҰБТ өткізу, гранттар бөлу және басқасы.
Мониторингтің екінші формасы осы немесе өзге саладағы проблемалық мәселелерді зерделеуге бағытталған. Бұл қоғамға, не белгілі бір мақсатты топтың проблемаларына әсер ететін жаңа заңнамалық норманы енгізу болуы мүмкін.



Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды ЭЫДҰ сарапшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы алдын алудың тиімді тетігі ретінде таныды.
2019 жылдың басынан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-да, Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы ҰК АҚ-да, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде, Мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік бағыты бойынша, Ұлттық олимпиада комитетінде, Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінде талдаулар жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жеті талдаудың үш жағдайында ұйымның өз бастамасы бойынша өткізілді. Бұл қоғамда сыбайлас жемқорлыққа көзқарастың өзгергендігінің және оны қабылдамау мәдениетінің қалыптасқандығының айқын көрінісі.
Мемлекеттік органдар басшылығының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға деген осындай қызығушылығы ведомстволық мүдделерден ығысуға және проблемаларды шешудің қоғамның қажеттіліктеріне барынша анық сәйкес келетін жолдарын ғана анықтауға мүмкіндік береді.
Жүргізілген талдаулар қорытындылары бойынша сыбайлас жемқорлықтың анықталған себептері мен жағдайларын жою бойынша нақты шаралар әзірленуде.
Талдау нәтижелері қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп республикалық деңгейде ашық және кеңінен талқылануда.
Агенттіктің және талдау жасалған мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері, әкімдіктер, арнайы мониторингтік топтардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарының мүшелері бейне-конференция байланысы арқылы тыңдалымдарға қатысады.
Талдау қорытындыларын қарастырудың осындай тәсілі өңірлердің пікірін ескеруге, олардың қажеттіліктеріне ден қоюға, осындай немесе басқа да мәселелерді шешу бойынша нақтылы тапсырмалар беруге мүмкіндік жасайды.
Қазіргі жағдайда кез келген мемлекеттік орган қоғам тарапынан нақты және пәрменді қолдау арқылы ғана табысқа жете алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылды, атап айтқанда, халықтың белсенді қатысуымен ғана жүзеге асыруға болады.
Агенттіктің «1424» Call-орталығы азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді. Операторлар агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап беріп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның қызметкерлерінің жұмысына шағымдар, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды, жұмысқа түсу тәртібін түсіндіреді.
Орталық сыбайлас жемқорлық фактілері, оның ішінде жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар жөнінде, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларына тәулік бойы ден қояды.
Егер бұрын қылмыстық істер бақылау-қадағалау органдары тарапынан жедел әзірлемелер мен құжаттық тексеру материалдары негізінде қозғалса, бүгінгі таңда Агенттік, сондай-ақ бей-жай емес азаматтардың хабарламаларына да сүйеніп отыр.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдік туралы қоңырау түскен кезде оператор абонентті Агенттіктің кезекші офицерімен дереу қосады, ол хабарламаны тіркейді және жедел ден қою шараларын қабылдайды.
Осылайша, әрбір хабарлама уақтылы тексеріледі. Жеткілікті негіздер болған кезде сотқа дейінгі тергеу басталады.
Call-орталық арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижелері бойынша ашылған қылмыстық істер саны артуда.
Егер өткен жылы 32 іс қозғалса,ағымдағы жылдың 8 айында  сотқа дейінгі 41тергеу тіркелді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.

*Көтермелеу мынадай мөлшерде белгіленеді:
§  сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;
§  сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;
§  сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;
§  ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;
§  аса ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.

Парасаттылық идеологиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтудің тұжырымдамалық негізі болып айқындалған.
Парасаттылық қоғамдық мүдделердің басымдығына бағытталған қазіргі заманғы мемлекеттік басқарудың барлық жүйесінің іргетасы болып табылады.
Бұл адалдық, әдептілік, заңдылық, сатылмаушылық, әділдік, рухани тұрақтылық сияқты құндылықтарды біріктіретін кешенді ұғым.
ЭЫДҰ-да жария парасаттылық (public integrity) тұжырымдамасы іске асырылуда. Мұнда мемлекеттік органдардың ашықтығы, айқындығы және есеп берушілігі, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы кемел мәдениеті мен тиісті құқық қолдану тәжірибесі туралы айтылады.
Біз өз қызметімізде үкіметтік емес сектор мен сарапшылардың әлеуетіне сүйенеміз.
Агенттікте қоғамдық және сараптамалық кеңестер құрылуда. Соңғысының құрамына отандықпен қоса шетелдік мамандар да енді.
Жан-жақты консультациялық қолдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда, сондай-ақ адалдық мәдениетін ұлғайтуда инновациялық тәсілдерді әзірлеуге кешенді түрде қарауға көмектеседі.
Біз қоғамдастықты жұмысымызға тартуды едәуір арттыра отырып, өзара іс-қимылды жаңа деңгейіне шықтық.  Бізде арнайы мониторингтік топтар (еліміздің барлық өңірлеріндегі қоғамдық белсенділер), сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық, "Жаңару" қоғамдық бірлестігі, "Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры" ҚҚ, "Нұр Отан" партиясының жастар қанаты, адалдық мәдениеті бойынша лекторлар пулы секілді және т. б. сенімді серіктестер бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы күн тәртібі сарапшылардың пікірі мен қоғамның сұранысын ескере отырып құрылады. Арнайы мониторингтік топтар мен "Адалдық алаңы" жобалық кеңселері халықпен сапалы кері байланысты қамтамасыз етуде және үкіметтік емес сектордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету алаңдары болды.
ПАРАСАТТЫЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тұрғысынан тиісті идеологияны ілгерілете отырып, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен өзара тығыз іс-қимылда («отбасынан – еңбектегі мансапқа дейін» қағидаты бойынша) жұмыс жасайды.

Драйвері «Адалдық алаңы» («Сыбайлас жемқорлықтан таза өңірлер») жобасы болып табылады, оның аясында сондай-ақ «Protecting business and investments», «Саналы Ұрпақ» («Сознательное поколение») бағыты іске асырылуда.
«Адалдық алаңы» жобасының басты мақсаты әлеуметтік-маңызы бар салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою болып табылады.
Жобаның міндеттері:
§ мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау;
§  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру;
§  қоғамдық бақылауды күшейту;
§ адалдық идеологиясын ауқымды ілгерілету.

Бюджет қаражатын тиімді бөлу және үнемдеу мақсатында штат саны мен артық алаңдарды оңтайландыру, сондай-ақ әкімшілік шығындарды қысқарту жолымен мемлекеттік органдарды, медициналық, білім беру мекемелерін трансформациялау жалғасуда.
Мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оpen space форматында 400-ге жуық мекеме жұмыс істейді, жылдың соңына дейін республика бойынша тағы да 620 алаң ашу жоспарланып отыр. Бұл сондай-ақ айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ыңғайлы фронт-кеңселері бар сервистік әкімдіктер ашылуда (аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтерге дейін). Мемлекеттік мекемелердің, шамамен, 2000 бірінші басшысы бірінші қабаттарға көшірілді, жылдың соңына дейін тағы осынша саны қамтылатын болады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тұрғындарға қызметтер көрсету қолайлылығы артты және ақпаратқа оңайлатылған қол жеткізудің барлық қажетті жағдайлары қамтамасыз етілді.
Халыққа атаулы әлеуметтік көмек төлеу мониторингі жүргізіледі. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша аталған жәрдемақыны артық төлеу және дұрыс тағайындамау фактілері анықталды.
Бүкіл ел бойынша ашылып жатқан дүңгіршектер, дүкендер, кассалар және адалдық турникеттері жаңа құбылыс болды.
Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Құқықтық тәртіп органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Оның мақсаты - сыбайлас жемқорлықты айтарлықтай азайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың табыстылығының басты факторларының бірі ретінде полицияға деген сенімді арттыру.
Агенттік квазимемлекеттік секторда комплаенс жүйесін дамытуға да күш салуда. Біз әрбір ұлттық компанияда тиімді комплаенс болуы тиіс екеніне сенімдіміз. Бұл ретте мұндай қызметтердің жұмысы ережелердің сақталуын техникалық бақылаумен ғана шектелмеу керек. Ең алдымен олар адалдық қағидатын насихаттап, жұмыстың этикалық аспектілеріне көбірек көңіл бөлуі тиіс.
"Адалдық алаңы" жобасы аясында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бюджетін пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында "Парламентаризмді дамыту қоры" ҚҚ бастамасымен және Нидерланды елшілігінің қаржылық қолдауымен "Ашық бюджеттің интерактивті картасы" (publicbudget.kz) енгізілді.
Қазіргі уақытта карта Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді, қараша айында республика бойынша бюджет туралы мәліметті орналастыру жоспарланып отыр.


 Карта нақты уақыт режимінде қалалық объектілердің құрылысы, жөндеу және күтіп ұстау үшін бөлінген бюджет қаражаты туралы егжей-тегжейлі мәліметті көрсетеді. Кез келген азамат тәулігіне 24 сағат бойы анықталған бұзушылық туралы хабарлай алады.
Сондай-ақ жоба аясында халықтық қатысу бюджетін кезең-кезеңмен енгізу шеңберінде "Бастамашы бюджет" модулін құру пысықталуда.
Жобаның аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының үйлестіруімен қоғамда парасаттылық мәдениетін үдемелі қалыптастыру мақсатында елімізде күн сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарланудың, шамамен әртүрлі форматтағы шамамен 500-ге жуық іс-шарасы өткізілуде (еліміздің әр ауданында кемінде үшеу). Осылайша, ең қашық ауылдар мен кенттерді қоса алғанда, республиканың барлық елді мекендерінің тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихатпен қамтылған.
Жоба бүгінгі күні мемлекет пен қоғам арасындағы өзгеше «дәнекерге» айналды, осының нәтижесінде қоғамдастық өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясат тұрғысынан пікірін айтып қана қоймай, сонымен қатар оны іске асыруға тікелей қатыса алады.
Азаматтардың 7 мыңнан астам өтініші (ағымдағы жылдың екінші тоқсанындағы) олардың«Адалдық алаңы» жобалық кеңселеріне деген сенімін көрсетеді, олардың үштен бірі өздерінің бұзылған құқықтарын толықтай қалпына келтірді және проблемалық сұрақтарын шешті.

«Protecting business and investment»
Бизнестің және инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, сондай-ақ олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында «Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесі құрылды. Кәсіпкерді тек кәсіпкерлік қызметі аясында ғана емес, сондай-ақ күнделікті өмірде бетпе-бет келетін барлық процестерде сүйемелдеу арқылы мақсатқа қол жеткізу күтілуде.
Аталған бастама отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан кең қолдау тапты.
Бүгінгі таңда кеңсе отандық және шетелдік инвесторлардың жалпы сомасы 11,6 триллион теңгеден астам 345 жобасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуді жүргізуде.
Ілеспе жобалардың шамамен 29%-ы - шетелдік инвесторлардың қатысуымен (Нидерланды, Швейцария, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Ресей, Түркия, Германия, ҚХР, БАӘ, Корея, Польша, Малайзия және т.б.).
Компанияны сүйемелдеу үшін адал бизнес жүргізуге міндеттелетін келісімге қол қою жеткілікті.
Жыл басынан бері кәсіпкерлер мен инвесторлардан түскен өтініштің 93%-ы (587-нің 546-і) оң шешімге ие болды.
Біз 24/7 уақыт байланыста бола отырып, әрбір кейске терең үңілеміз және бизнеске заңсыз әкімшілік қысымның барлық түрінің алдын аламыз.
Бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғаудың құқық қорғау блогының желісі бойынша 2019 жылы 221 факті анықталды, 155 тұлға жауапкершілікке тартылуда. 210 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Өз кезегінде бизнес жұмыс орындарын құрып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді.
Бизнес жұмысында анықталған барлық жүйелік проблемалар «Атамекен» ҰКП-мен тығыз қарым-қатынаста шешілетін болады.
Шетелдік инвестициялар үшін өңірлік бәсекелестіктің күшеюі контексінде бұл жоба Қазақстанның Орталық Азиядағы бәсекелестік артықшылығын арттыруға елеулі үлес қосады және елде парасатты бизнес ортаның дамуын ынталандырады.

«Саналы ұрпақ»
«Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі мектептерде және ЖОО-ларда сыбайлас жемқорлықты жаппай қабылдамауды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізеді.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлықтан ада жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің 11 көшбасшы ұйымын біріктірген Академиялық адалдық лигасы құрылды. Оған енуге тағы 14 үміткер бар.
Агенттік басқа мемлекеттік органдардың жобалық кеңселерімен тығыз жұмыс істейді. Оған білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Агенттік пен ҚР БҒМ-нің өзара ынтымақтастық туралы меморандумы аясында ашылған М.С. Нәрікбаев атынд. ҚазГЮУ базасындағы жобалық кеңсе көрнекті мысал бола алады.
Осылайша, білім беру жүйесіндегі қызметтің айқындығын арттыру мақсатында екі ведомствоның күш-жігері мен әлеуеті біріктірілді. Ортақ мақсаты - тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және білім беру жүйесіне азаматтардың сенімін арттыру, білім беру саласындағы проблемаларды бірлесіп шешуде азаматтық және мемлекеттік секторлардың пікірталас алаңын құру.
Процестің объективтілігін және айқындығын қамтамасыз ету үшін магистратураға түсуге және техникалық және кәсіби білім беру мекемелеріне емтихандар тапсыруға арналған тестілеуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топтардың мүшелері, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері байқаушылар ретінде тартылды.
Атап айтқанда, тестілеуге 25 жалған адам жіберілмеді. Тестілеу барысында көшіріп жазу үстінде 1021 адам ұсталды, олардың нәтижесі жойылды.
Соның нәтижесінде Ғылым және білім министрлігі мемлекеттік бюджет кірісіне 2804 грант (2 млрд. 77 млн. теңге сомасында) қайтаруда, оған академиялық адалдық деңгейі мен дайындығы төмен абитуриенттер алынуы мүмкін еді.
Оқу орындарының жатақханаларында бөлме беру процесі қадағаланады. Өткен жылы бөгде адамдар заңсыз тұрған 84 оқиға анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Азаматтық қоғамның қатысуымен мұндай мониторинг осындай фактілер толық жойылғанға дейін жалғасатын болады. Сондай-ақ осы мақсатта кезең-кезеңімен жатақханалардан бөлме беру процесі электронды форматқа көшіріледі.
Барлық оқу орындарында парасаттылық және академиялық адалдық саясатын күшейту тақырыбы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою парасаттылықтың жетілген қоғамдық мәдениеті болған жағдайда ғана мүмкін болады, бұл ауқымды ағартуды, қоғамда сенім атмосферасын құруды, Заңның рухы мен әрпін құрметтеуді бекітуді талап етеді.
Жоғары оқу орындарының студенттері үшін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында алғаш рет парасаттылық жазғы мектебі өткізіледі, оның мақсаты - жастар ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық моделін қалыптастыру және жаңа формациядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау болып табылады.
Агенттік Transparency Kazakhstan, ЕҚЫҰ және БҰҰДБ-мен бірлесіп бүкіл ел бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектептер іске асырылды.
Соның аясында 715 ерікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қолданбалы құралдармен және қадамдық ұсынымдармен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді ынтымақтастықтың нақты мысалдарымен, сыбайлас жемқорлықтың теріс салдарын жою үшін пайдалануға болатын стратегиялармен танысты.
Осы мектеп түлектері парасаттылық «елшісі» болған 500 белсендіні қамтитын лекторлар пулын құрды. Ерікті негізде олар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, әдептілікті дамытуға бағытталған дәрістер, тренингтер өткізеді. Мәселен, 10 000-нан астам оқушы (соның ішінде Арыс қаласының балалары) жазғы лагерьлерге белсенді қатыса отырып, рухани-адамгершілік қасиетін дамыту бойынша тренингтен өтті. Жалпы алғанда, парасаттылық мектептерінің қамтуы қазіргі уақытта шамамен 40 000 адамды құрап отыр.

СЕРІКТЕСТІК ДЕПАРТАМЕНТІ қызметтің негізгі бағыттарын жариялау бөлігінде Агенттіктің бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша ақпараттық имидждік саясатын іске асырады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық аясында мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу бөлігінде Агенттіктің қызметін сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Жұртшылықпен кері байланыс апта сайынғы баспасөз-конференцияларын өткізу, Агенттіктің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарын жүргізу, қызметкерлердің түрлі коммуникациялық алаңдардағы сөз сөйлеуі, Агенттіктің іс-шараларына азаматтарды тарту арқылы жүзеге асырылады.
Біздің халықаралық ұйымдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жүргізіп жатқан жұмысымыздың маңызы зор.
2019 жылғы 2 қыркүйекте Вена қаласында (Австрия) БҰҰ мен Агенттік арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Мемлекет басшысы 2019 жылғы 27 тамыздағы «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы мүшелері өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімге қол қою туралы» № 139 Жарлыққа қол қойды. ГРЕКО-мен рәсімдеу 15 қазан күні Страсбург қаласында (Франция) өтеді.
БҰҰ-ның Есiрткi және қылмыс жөнiндегi Жоғарғы Комиссары Басқармасының Өңірлік кеңесшісінің кеңсесін ашу туралы мәселе пысықталуда. Кеңесшінің Қазақстанда орналасуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейтуге және өңір ішінде де, сыртқы әлеммен де халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюіне қосымша серпін береді.
2-4 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия Ассамблеясының (IACA, Австрия 8-отырысы өтеді.
Бұрын Ұлттық бюрода жұмыс атқарған ЖЕДЕЛ-ТЕРГЕУ БӨЛІМШЕЛЕРІНІҢ қызмет ауқымы кеңейтілді.
Агенттік мемлекеттік секторда парақорлық, ысырап ету және ұрлау, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, қызметтік жалғандық жасау, кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау және т. б. фактілерін тексереді.
Ішкі резервтер есебінен ЕКІ ЖАҢА ДЕПАРТАМЕНТ құрылды. Олар квазимемлекеттік сектордағы, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтаумен және тергеумен айналысатын болады.
Бұл шешім, біріншіден, мемлекеттік қатысумен зор қаражатты игеретін ұлттық холдингтер, компаниялар мен кәсіпорындардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюдың стратегиялық маңыздылығымен қабылданды.
Екіншіден, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі қоғамның сеніміне селкеу түсіруде. Сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуда елеулі нәтижелерге қол жеткізген елдердің барлығы құқық қорғау органдарынан бастаған.
Осы құрылымдардағы жағдайды тездетіп өзгерту барлық салаларда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға жарамды мультипликативті әсерді қамтамасыз етеді.


АГЕНТТІКТІҢ КАДР САЯСАТЫН ЖАҢҒЫРТУҒА мән берілді. 
Мақсат – жоғары білікті мамандарды тарту және жұмыстағы қызметкерлердің құзыреттерін дамыту арқылы адами капитал сапасын айтарлықтай арттыру.
Біз өз жұмысымызда озық тәжірибелер мен заманауи технологияларға ғана емес, сонымен қатар алғашқы кезекте, адами капиталды дамытуға назар аударамыз.
Іріктеу кезінде шетелдік оқу орындарының түлектеріне, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарына, магистр және PhD докторы дәрежесін иеленгендерге басымдық беріледі.
Агенттік Жастар жылы аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 30 жаңа тұлғасы» атты рекрутингтік жобаны іске асыруда. Аталған жоба Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің жаңа буынын қалыптастыруға жасалатын алғашқы қадам болып табылады.
Яғни, кешегі күнгі студенттерден біз әділдік, парасаттылық және сенімділік құндылықтарының негізінде жоғары кәсіби мамандарды шыңдап, даярлайтын боламыз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың көп аспектілі және күрделі сипатын ескере отырып, Агенттіктің жаңа құрылымында жеке құрамды үздіксіз оқыту және біліктілігін арттыру орталығы құрылатын болады.
Көшбасшылық, креативтілік, азаматтарға бағдарлану, шешендік шеберлік, топтағы жұмыс және басқа да дағдыларды дамытуға екпін жасала отырып, қызметкерлердің мансаптық жолы және біліктілігін арттыру кезеңінде оқыту жүйесі жолға қойылуда.

4. АГЕНТТІКТІҢ ЗАҢНАМАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫ
Ағымдағы жылы 20 мамырда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар басшыларының және республикалық маңызы бар облыстар мен қалалар әкімдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі мәжіліс болып өтті.
Агенттікке мемлекеттік органдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар шаралармен қатар біріктірілген шешімдер әзірлеу тапсырылды.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық деңгейін түпкілікті азайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың жаңа пакетін дайындау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, олар осы жылдың соңына дейін іске асырылатын болады.

Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының (әкімдердің) отставкаға беру институтын енгізу
Басшылар олардың бағыныштыларының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін, соттың айыптау үкімі немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім күшіне енгеннен кейін, отставкаға беруге міндетті болады. Осындай тізбе айқындалатын және заңнамалық түрде бекітілетін болады.
Нормативтік-құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру
Тиісті түзетулер Сенаттың қарауында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жөніндегі жауапты органды, оны жүргізу тәртібін, сонымен қоса үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, Үкімет жеке заңға тәуелді актімен айқындайтын болады.
Заңсыз баю үшін жауапкершілікті енгізу
Шығыстардың кірістерге айтарлықтай сәйкес болмағандығы үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті белгілеуді болжайды.
Расталмаған кірістерді мемлекеттің пайдасына өндіріп алу, ал мемлекеттік қызметшілерге қатысты бұған қоса жұмыстан босатуды қолдану ұсынылады. Сонымен қоса, бұдан бұрын заңсыз баюымен байланысты жұмыстан босатылған тұлғалар соңғы үш жылдың ішінде мемлекеттік қызметке қабылдана алмайды.
Мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстары туралы декларацияларды жариялау міндеттілігі
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңмен мемлекеттік қызметшілердің декларацияларды жариялау бойынша жекелеген санаттары айқындалған.
Барлық мемлекеттік қызметшілер үшін осы міндеттемені енгізу мақсатында, декларациялары жариялануға тиіс тұлғалардың тиісті тізбесі «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерімен, сондай-ақ әскери қызметшілермен, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерімен толықтырылатын болады.
Парасаттылыққа тексеру институтын Integrity Check (Testing) енгізу
Бұл құқық қорғау және бақылау-қадағалау органдарының қызметкерлеріне қатысты ерекше өндіріс аясында (құпия әдістермен) және соттың санкциясымен қатаң түрде жүзеге асырылатын қызметтік тексерістің аналогы.
Мыналар сияқты теріс пайдаланулардан қорғау кепілдіктерін заңнамалық белгілеу ұсынылады:
-  тексеріс кезеңін шектеу (1 айдан көп емес);
-  белгілі бір уақыт аралығында бір ғана тұлғаға қатысты тексерісті қайтадан өткізуге тыйым салу (екі жылда кемінде бір рет).
Тестіленуші (тексерілуші) пара, өзге де пайда мен артықшылықтар алуға келісімін білдірген жағдайда, жұмыстан босатылады. Бұл ретте, оған қатысты соңғы үш жыл бойы мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым белгіленетін болады.
Жария құқықтағы заңды тұлғалар институтын енгізу және оларға жекелеген мемлекеттік функцияларды беру
«Атамекен» ҰКП заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеуді бастады. Бұдан басқа, Қазақстанда жұмыс істейтін, мемлекеттік органдар болып табылмай жария функцияларды іске асыратын және жария құқықтағы заңды тұлғаларға жатқызылуы мүмкін ұйымдарға (мысалы, республикалық бағалаушылар палатасы, сот орындаушылары және басқасы) талдау жүргізілуде.
Ұлттық экономика министрлігінің жанынан аталған мәселені барынша жан-жақты пысықтайтын жұмыс тобы құрылды.
Квазимемлекеттік секторда комплаенс-қызметтер институтын енгізу
Бұл институт жекелеген ұлттық компанияларда жүзеге асырылуда. Оны заң жүзінде реттеу ұсынылады. Комплаенс-қызметтер туралы үлгі ережені Агенттік бекітетін болады.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесін енгізу
Параның немесе залалдың сомасы 2,5 млн. теңгеден асатын қылмыстар бойынша сот үкімімен белгіленген, бірақ шекті деңгейден көп емес, параның немесе келтірілген залал сомасының 10%-ы етіп белгілеу ұсынылады (мәселен, 10 млн. теңге).

5. «TRANSPARENCY KAZAKHSTAN» ЖЕЛІСІ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖАЙ-КҮЙІНІҢ МОНИТОРИНГІ


БҰҰ Даму бағдарламасының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылған "Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі" зерттеуі аясында Transparency Kazakhstan сарапшылары қала, облыс және аудан орталықтары деңгейінде 9 000 респондентке сауал қойды және "Ашық диалог" порталына келіп түскен 568 өтінішті зерделеді.
Осылайша, респонденттердің жартысынан астамы, атап айтқанда 54,4%-ы соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар, сұралғандардың әрбір оныншысы ғана мәселені пара арқылы шешу қажеттігіне тап болған.
Бизнес-қоғамдастықтағы оң көріністі атап өткен жөн. Атап айтқанда, сұралған кәсіпкерлердің 76%-ынан астамы Қазақстанда пара бермей, тек құқықтық салада жұмыс істей отырып, өз бизнесін дамытуға болады деп есептейді.
Азаматтар мен бизнес-қауымдастықтың пікірінше сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (72,4%), Үкімет (62,8%), Нұр-Отан партиясы (54,7%) және бұқаралық ақпарат құралдары (52,1%) ең жоғары сенімге және ықпалға ие.
Сауал жүргізу нәтижесі бойынша сондай-ақ адамдар жемқорлықпен жиі кездесетін өңірлер мен мемлекеттік органдар анықталды, сонымен қатар біршама сыбайлас жемқорлық жайлаған мемлекеттік лауазымдардың тізбесі, сыбайлас жемқорлық мәмілелерінің типтік себептері мен мән-жайы, пара сомасы жасалды.
Азаматтардың пікірінше, мәселелерді көбінесе Жамбыл, Атырау, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында биресми жолмен шешуге тура келеді.
Әскери комиссариаттар, мемлекеттік балабақшалар, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдері (АХАЖ), кеден жемқорлық жайлаған мемлекеттік органдар ретінде белгіленген.
Азаматтар пара беруге мәжбүрлеген 70-тен астам себепті айтты. Ең көп таралғаны - жақсы маманда емделу, жұмысқа орналасу, жер телімін ресімдеу, баланы балабақшаға орналастыру және жол жүру ережелерін бұзу.
Кәсіпкерлердің пікірінше, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстары жемқорлық жайлаған өңірлер болып табылады.
Бизнес көбінесе салық органдарында, жер қатынастары басқармаларында, аудандық әкімдіктерде, полицияда, өртке қарсы қызметте және кеденде сыбайлас жемқорлықпен жиі кездеседі. Көп жағдайда кәсіпкерлер рұқсат беру құжатын ресімдеу, өрт қауіпсіздігін тексеру, жер учаскесін алу және оны кейіннен құрылыс үшін ресімдеу, кедендік тексеру кезінде мәселелерді бейресми түрде шешуге мәжбүр.
Респонденттердің сыбайлас жемқорлыққа тартылуына өтініш беру жиілігі емес, алушының осы қызметке қызығушылық дәрежесі әсер ететінін атап өткен жөн. Сұралғандардың үштен екісі, егер қандай да бір ведомствоның қызметкері пара алғысы келсе, онда ол мәселенің шешімін әдейі созып, сөзбұйдаға салып, лауазымдық өкілеттілігін арттыратынын мәлімдеді.
Сұралғандар көп жағдайда мәселені бейресми шешуге бөлім мамандары деңгейінде қол жететінін мәлімдеді. Бұл ретте пара сомасы 500-ден бастап 500 000 теңгеге дейінгі аралықта өзгереді.
Сыбайлас жемқорлық кейстерінің палитрасын "Ашық диалог" порталынан шағымын талдау толықтырды. Шағымдардың 19,8%-ында өтініш берушілер мемлекеттік органдарға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа тап болғандығы туралы ақпарат бар.
Негізінен бұндай дабылдар Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстарынан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан келіп түседі. Сыбайлас жемқорлық оқиғасының көпшілігі полиция, мемлекеттік ауруханалар мен емханалар, Салық департаменті қабырғасында, жеке сот орындаушыларына және мемлекет қатысатын компанияларға жүгінген кезде орын алған.
Алаяқтық, ұрлық, лауазымдық өкілеттілігін арттыру, біліксіздік фактілеріне тергеу жүргізу кезінде сөзбұйдаға салу, салақтық, формализм, аталған тұжырымдармен жауап беру, әрекетсіздік практикасы кеңінен таралған.
Көбінесе өтініш берушілер ішкі істер, денсаулық сақтау, әділет, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мен Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының, Ақмола, Түркістан, Қостанай, Алматы облыстары мен Нұр-Сұлтан қ. әкімдерінің блогтарына шағым білдірген.




Комментариев нет:

Отправить комментарий

Это интересно!

«Каждой пичужке наша кормушка» Экологическая акция в начальной школе женской гимназии Одним из направлений воспитательной работы...