вторник, 27 марта 2018 г.


Калимбетова Гульжан Абдуллаевна, бастауыш сынып мұғалімі
«Теміртау қ. әйелдер гимназиясы» КММ

Сауат ашу сабағында оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту

Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт
талаптарына сай оқыту үдерісінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру болып табылады.
Жалпы функционалдық сауаттылық деген ұғым  — адамдардың (жеке тұлғаның) әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және
өмір бойы білім алуына ықпал ететін негізгі фактор. Яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы. Сонымен, функционалдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т. б. Осыған сәйкес алған білімдері негізінде әрекет етуге қабілеттілік пен кез келген тілдік жағдаяттарда қарым-қатынасқа түсе алу даярлығын білдіретін құзыреттілікті қалыптастыру — үздіксіз білім беру жүйесінің маңызды буыны болып саналатын жалпы білім беретін орта мектептердегі қазақ тілі пәнін оқытудың басым бағыттарының бірі.
Ұлттық білім беру парадигмасы, оның басты ұстанымдары бәсекеге қабілетті білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Ол өз халқының баға жетпес байлығы ана тілін жетік білетін, ұлттық мәдени құндылықтарды бағалай алатын, тілдің таным және қатынас құралы ретіндегі ғажайып мүмкіншілігін пайдалана білетін тұлға қалыптастыру деген сөз. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту — бүгінгі заманның талабы. Соның ішінде оқу сауаттылығы- оқушылардың жазба мәтіндерді түсінуі және қолдануы, мәтін барысында ой толғауы, жаңа білім игерудегі әдіс-тәсілдерді қолдануы, әлеуметтік ортаға бейімделуі. Яғни, оқу сауаттылығының негізі — мәтінмен жұмысты толық қалыптастыру болып табылады. 1-сыныпта сауат ашу сабақтары тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларының ерекшеліктері арқылы іске асады. Сондықтан күнделікті сабақты дағдылар ерекшелігін ескеріп құру, оқу сауаттылығын арттыруда маңызды роль атқарады. Соның ішінде оқылым дағдыларының ерекшеліктері оқу сауаттылығын арттырудың бірден бір жолы.
Оқылымның мынадай ішкі дағдыларын әр сабақ барысында қолдануға болады.
1. Мазмұнын түсіну үшін оқу немесе көз жүгіртіп оқу — мәтіндегі жалпы идеяны түсіну үшін тез оқып шығу.
2. Нақты ақпараттарды табу үшін оқу — мәтін ішіндегі ақпараттарды тауып алу үшін оқу, яғни ол үшін тұтас мәтінді түсініп оқу, мазмұнын білу маңызды емес. Мысалы, мәтіннен қажет пайыздық көрсеткіштерді, жылдарды немесе қажетті сөздерді тауып алу.
3. Детальді түрде оқу- әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу. Мысалы, келісімшарттағы талаптарды немесе нұсқауларды түсіну үшін сөзбе-сөз оқимыз.
4. Сөз мағынасын контексттен ажырату — мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын болжау үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аудару.
5. Мәтін құрылымын түсіну — мәтін құрылымының ұйымдастырылуын түсіну. Мысалы, кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім.
6. Болжай білу — оқылым тапсырмасы алдында қолданылатын тәсіл. Оқушылар мәтінді оқымас бұрын оның мазмұны мен көтеретін мәселесі жөнінде ойланып, талқылап көреді. Ол үшін олар мәтін тақырыбына, оған берілген суретке қарап болжай отырып, сол тақырыпта өз білімдерін қолданады. Бұл тәсіл мәтінді оңай түсінуге көмектеседі.
7. Мәтін түрлерін ажырата білу — әр мәтіннің өзіндік ерекшелігін, ұйымдастырылуын, стилін ажырата білу.
Мәтін түрлері: хат, ертегі, жарнама, әңгімелер, өлең,
құттықтау қағазы, хабарландыру, т. б. (1- сынып деңгейінде ғана алынды )
Бұл дағдыларды іске асыру үшін құрылатын тапсырмалардың да өз реті болуы тиіс. Мысалы, оқылымға арналған тапсырмалар құрылымы төмендегідей:
Оқылым алдындағы тапсырма: мәтін тақырыбын ашуға бағытталған жаттығулар, сөздерді алдынала үйрету, мәтін мазмұнын болжауға байланысты сұрақтар қою.
Оқылым барысындағы тапсырма: әртүрлі оқылым дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар (сұрақтар).
Алғашқы жаттығулар жалпы мазмұнын түсінуге бағытталса, кейінгі жаттығулар нақты ақпаратты табуға ар-налуы тиіс.
Оқылымнан кейінгі тапсырма: мәтінде көтерілген  мәселеге, ақпараттарға байланысты талқылау сұрақтары. Мұндағы сұрақтар олар үйренген жаңа сөздерді, мәтінде кездестірген сөздерді қолдана отырып, жауап бере ала-тындай ұйымдастырылуы қажет. Мысалы, бір оқиғаны сипаттап беру немесе оқиғаға баға беру. Сонымен қатар сұрақтар оқушылардың өмірлік тәжірибесімен де байланысып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік бере алатындай жасалуы керек.
Оқылым алдындағы тапсырма
Оқушылар әңгіме атауына қарап, мәтіннің не туралы екенін болжайды.  «Атасының баласы» мәтіні беріледі. (оқушылар: ауыл туралы, тұңғыш немере, т. б. сөздерді айтады) Мұғалім дауыстап оқиды, оқушыларға қиын сөздердің мағынасын түсіну үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аудартады.
Оқушылар оқылым барысындағы тапсырмалар
Мәтіннің мазмұны мен жалпы идеяны түсіну үшін тез оқып шығу тәсілі арқылы сұрақтарға жауап беріп, басты тірек сөздерді табады. Нақты ақпараттарды табу үшін оқу тәсілі арқылы дұрыс жауабы бар сөйлемді табады.
1.Мәтіндегі кейіпкерлерді атаңыз.
2.Мейіржанға атасы не үйреткен?
3. Мейіржанның әрекеті  әдепсіздік пе, әлде еркелік пе?
Оқылымнан кейінгі тапсырмалар:
Тапсырмалар мәтінде көтерілген мәселеге, ақпараттарға байланысты талқылау сұрақтары ретінде құрасты-рылды. Мұндағы сұрақтар олар үйренген жаңа сөздерді, мәтінде кездестірген сөздерді қолдана отырып, жауап бере алатындай етіп ұйымдастырылды. Сонымен қатар сұрақтар оқушылардың өмірлік тәжірибесімен де байланысып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік бере алады.
Оқушылар жұптарға бөлінеді. (Мұғалім сөздік қоры
аздау оқушы мен сөздік қоры молдау оқушыны жұптастырады. Жұпта сұрақтарды өзара талдайды).
Мейіржанның   атасы қандай адам?
Мейіржанның әрекетіне өз көзқарасыңды білдір.
Мәтінде  қандай ұлттық құндылықтарды көре  алдың?
Сауат ашу сабағында оқылым дағдыларын дамыту үшін тапсырмаларды жүйелі құрастырудың маңызы зор. Оқылым дағдыларының ерекшеліктерін меңгеру –оқушылардың оқу сауаттылығын арттырады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Это интересно!

«Каждой пичужке наша кормушка» Экологическая акция в начальной школе женской гимназии Одним из направлений воспитательной работы...